
Республикамызда қылмыстық заңнамада орын алған гуманизацияның нәтижесінде қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін қылмыстар үшін қолданылатын бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар аясы кеңейтілді. Қылмыстық саясаттағы гуманизация қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалатын қоғамдық жұмыстарда етек ала бастады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 43-бабы қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы, сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегін қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады. Қоғамдық жұмыстарға тарту жаза түрлерінің негізгісі болып табылады.
Жазаның бұл түрі мемлекет үшін де, сотталған үшін де тиімді, себебі жаза өтеуші үйреншікті өмір-салтынан, әлеуметтік-тұрмыстық, отбасылық жағдайларынан қол үзбей отыра өтелетін жаза. Онымен қоса қоғамдық жұмысқа тарту жазасы - жазаланушының өзі тұрып жатқан жергілікті жерді, қаланы көгалдандыру және абаттандыру бойынша жұмсалатын қайтарымсыз еңбек. Мұндай жаза түрі сотталған адамды қамауда ұстауда қажеттіліктің туындамауынан экономикалық тұрғыдан да тиімді.